Қазақ фотожурналистикасында айрықша із қалдырған мамандар бүгінгі күні еленіп, ескеріліп жүр ме? Фотожурналистика саласының ішінде қазақ спорт фотожурналистикасына еңбек сіңіргендер қатары сирек. Қазақ спорт фотожурналистикасының негізін салған — Дендербай Егізов. Олимпиада ойындарында тарихи суреттерді өскелең ұрпаққа қалдырған маманның жасаған жұмыстарымен, осы саладағы қызмет жолымен таныс болыңыздар.

________________________________________________________________________

Журналистер қауымының iшiнде фототiлшiлердiң орны бөлек. Бұл кәсiптi серiк еткендер соншалықты көп емес. Бiр басылымда әдетте бiр ғана фототiлшi болады. Сондықтан ол бүкiл ұжымның ерке баласы секiлдi еркiн жүредi. Ерназардың сегiз ұлынан ерек туған Ертөстiк сияқты, әрiптестерiнiң бәрi соның аузына қарайды.

Жалпы, фототiлшi деген өте қызық халық. Әрқайсысы өзiнше бiр әлем. Олардың мiнез-құлықтары да әркелкi. Бiрi той-томалақты құр жiбермейтiн сауыққой, екiншiсi –басынан құс ұшырмайтын серi, үшiншiсi – ауыздыға сөз бермейтiн шешен, төртiншiсi –желге қарсы қарап тұрып түкiретiн қыңыр… Қай-қайсысының да соңынан аңыз ерiп жүредi.

Жалпы, фотожурналистер – құдайдың еркесi. Қажет суретiн алу үшiн ел үнемi олардың соңынан қуалап жүредi. Ал Егiзов ондайлардың санатына жатпайды. Сұратқан суретiңдi алдыңа қаптатып өзi әкелiп тастайды. Уәделескен уақытынан бiр минут та кешiкпейдi. Жарасқан ақынша толғасақ: «Тұрады айтқан сөзiнде, Келедi айтқан кезiнде». Қара басып, кешiгiп қалсақ, көзiлдiрiгiнiң астынан көзi шегiрейiп, саған ит көргендей қарайды. Сол қарағанының өзi жетедi. Жерге кiрiп кете жаздайсың. Есесiне екiншi қайтара кешiкпейсiң. Кейбiр фотожурналистердiң серiлiк құрып, көбелек қуып кетуiнiң салдарынан газетке қажеттi сурет шықпай қалып жатады. Дәкең ондайға ешқандай жол бермейдi. Қайта ол өзiнiң жауапкершiлiгiне өзгелердiң iлесе алмайтынына қиналады. Бiр кезде шет тiлдерi институтында немiс тiлi мамандығын игерген Дендербай Егiзовке немiс жұртының алабөтен дәлдiгi жұғысты болған тәрiздi. Қазақтың маңдайына бiткен спорт журналистерiнiң өзi соншалықты көп емес. Әдепкiде еңбек жолын осы саладан бастап, дүниенi дүбiрлеткен халықаралық додалардың бiразын көзiмен көрiп, қаны қызып тұрған репортаждар ұсынған жiгiттердiң көбi қазiр басқа салада жүр. Ал бұл кiсi өз арнасынан ешқайда бұрылған жоқ. Бiр ғана соқпақпен жүрдi. Өзiнiң соны сүрлеуiн салды. Спорт журналистикасын игеру үшiн туды. Спорт фототiлшiсi болып өмiрден өттi.

Дендербай Егiзов балуан iнiсi Дәулет Тұрлыхановтың қамқорлығын көп көрдi. Дәулет Дәкеңнiң фотокөрмелерiнiң бәрiне демеушi болды. Талай халықаралық жарыстарға оны өз қаражатымен аттандырды. Егiзов Дәулеттiң белдесулерiнiң бәрiн суретке тартты.
Биыл Дендербай Егiзов арамызда аман-есен жүргенде жетпiске толар едi. Жыл өткен сайын меңдеген дертпен дамылсыз арпалысып, ақыры жеңiлiс тапты. Сол кезде спорт саңлақтары мен жанкүйерлерi өмiрден кiмнiң өткенiн түсiнгендей болды. Мамандығына мұндай адал адамды табу қиынның қиыны едi. Бiрде жуынатын бөлменi қараңғылап қойып, түнiмен сурет шығарыпты. Жеңгемiз соны байқамай, жарықты жағып жiбергенде Дәкең әлемдегi бар қапалы дауыспен айғай салыпты. Қазiр сол ащы айқайдың жоқтығынан қазақ фотожурналистикасының үнi шықпай тұр. Атақты фототiлшiнi ен далада жортып жүрген жалқы мергенге ұқсататынбыз. Соңында шәкiрт қалмады. Ертпегендiктен емес, ермегендiктен. Жұмыстың қиындығына шыдамағандықтан. Спорт журналистикасы да спорт саңлақтары тәрiздi тынбай тер төгудi талап ететiн көрiнедi.

Әйгiлi спорт фототiлшiсi Дендербай Егiзовке сыңар болатын бүгiнгi әрiптестер қайда өзi? Ендi бiр Дендербай туа ма, тумай ма? Әлде, фотомылтығын оңтайлап, жарыстардан қалмай жүр ме екен? Бiрақ соны байқай алмай тұрғанымыз. Қателесуге жазсын…Әзiрше жалқы мергеннiң орны үңiрейiп тұр…

Авторы: Бауыржан Омарұлы

 

1 ПІКІР

  1. Қазіргі ақпарат құралдары фотографын анда да, мұнда да жұмсайды. Сондықтан, спорт фотожурналистикасы кенже қалып отыр. Алайда, жоқ деуге тағы болмайды. ЖЕҢІС ЫСҚАБАЙ ағамыздың қазақ күресін насихаттаудағы еңбегі ұшан-теңіз. Мұны қалайша жоққа шығарамыз?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз