ӘЧ-2018 іріктеу кезең ойындары аяқталды. Енді тек дзюдодағыдай «жұбаныш белдесулері» қалды. 11-қазан күні өткен іріктеу ойындарынан кейін футбол әлемінде айтулы оқиғалар орын алды. Арьен Роббен мен Артуро Видаль халықаралық аренадағы мансабын аяқтады.

Арьен Роббен

ӘЧ-2018 іріктеу кезеңінің соңғы турында Нидерланды Швецияны 2:0 есебімен жеңді. Матчта жеңіске жеткенімен, Ресейдегі әлем чемпионатына жолдама бұйырмады. Арьен Роббен 10-қазан күні ұлттық құрама жейдесінде соңғы матч өткізді. Алаңдағы жанкүйерлер мен Роббеннің эмоциясы көпке дейін футболсүйерлердің есінде қалатыны сөзсіз.

Швецияға дубль жасаған Роббен Нидерланды сұрмергендері тізімінде 4-орынға көтерілді. Футболшының қоржынында 37 гол бар.

«Бавария» ойыншысы 2003 жылдан бері құрама сапында 96 ойын өткізді. «Қызғалдақтар елі» Еуропа чемпионатында қола (2004), 2010 жылғы әлем чемпионатында күміс, 2014 жылы қола медаль жеңіп алды.

Артуро Видаль

Артуро Видаль 6-қыркүйек күні Боливиямен өткен ойыннан кейін әлеуметтік желіде мәлімдеме жасаған болатын. Чили жанкүйерлерінен кешірім сұрап, алдағы екі матчта барын салатынын жазған. Әлем чемпионатынан кейін мансабын аяқтайтынын астарлы түрде жеткізген.

11-қазан күні Чили құрамасы «Сан-Паулу» алаңында Бразилиядан жеңіліп қалды (3:0). Бұрындары турнирлік кестеде 4-орында тұрған құрама 6-орынға түсіп қалды. Нәтижесінде Оңтүстік Америка чемпиондары Ресейде өтетін әлем чемпионатына бара алмайды.

Видаль Чили құрамасында 2007 жылы дебюттік матчын өткізді. 86 матчта 20 гол соққан. Артуро Чили құрамасымен Оңтүстік Америка чемпионатын екі мәрте жеңіп алды (2015,2016). Ресейде өткен Конфедерация кубогынде күміс медальға ие болды.

Артуро Видаль матчтан кейін әлеуметтік желіде қоштасу жазбасын жариялаған. 30 жастағы футболшы әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді дазыңыз