2013 жылғы «Уэмблидегі» Дер-Класикер естеріңізде ме? Бұл әлем футболындағы ең мықты «Бавария» болатын. Футболдағы мюнхендіктердің үстемдігі Хайнкес кезінде арта түсті. «Бавария» толықтай топ-клуб санатына кірді. «Хайнкес мәшинесін» жасап шыққан «Osram» кім? 

Юпп Хайнкеске «Osram» атауын берген — Вольфрам Вуттке. «Osram» — әлемге әйгілі неміс шамының атауы.  Бапкерлік мансабын 1979 жылы бастаған Хайнкес бес неміс клубын, үш испан, бір португалдық клубты жаттықтырған. Юпп 2013 жылы мансабын аяқтағанымен, биыл мюнхендік клубты аяғынан тұрғызу үшін қайта келді.

Хайнкес — баланс

Юпп өз кезегінде бапкер ғана емес психолог бола білді. Әр ойыншыға жанкүйер көзімен қарады. «Бавариядағы» атмосфера команданы жаңа биікке көтерді.

Хайнкес ойыншылардың тілін таба білді. Арьен Роббен, Франк Рибери және Марио Манджукич секілді футболшыларды бір клубта ұстап тұра алды. Роббен мен Рибери сияқты ойыншылардан «Robbery» дуэтін жасап шықты. Қос футболшы 90 минут бойы шабуылға ғана емес, қорғанысқа да көңіл бөлу керек екенін толық түсінді. Юпп әрбір ойыншының қабілетін максимумға дейін қолдануын талап етті.

Манджукич үндемей бапкердің тапсырмасын орындайтын ойыншы емес. 2014 жылы Гвардиола өзгерісіне шыдамаған Манджукич «Атлетикоға» ауысып кеткен. Хайнкес Манджукич арқылы «Баварияның» шабуылын күшейтті. Юпп маусым соңында Манджукичті қосымша құрамда қалдырғанда, ойыншы наразылық білдірмеді. Манджукич тарапынан реніш пен өзімшілдік сезілген жоқ.

Топ-клубтарда командалық атмосфера құру қиынға соғады. Бапкерге әлемдік деңгейдегі футболшылардың «еркеліктерін» көтеру оңай емес. Юпп аталған жағдаймен күресе алды. Хайнкес футболшы мен бапкер арасындағы балансты ұстады. Неміс маманы туралы аңызға сүйенсек, бапкер ойыншылардың барлық «құпияларынан» хабардар екен. Кімнің ішімдікке әуес екенін, шылым тартатынын, тіпті футболшылардың артық салмағымен күрес жүргізіпті. Юпп мюнхенгладбахтық «Боруссияның» бапкері болып жүргенде, команда үшін түрлі жаза түрін ойлап тауыпты. Вутткенің айтуы бойынша, Хайнкес оған 2 кг салмақ тастауды бұйырады. Вуттке болса, 74,2 келіден тек 1,4 келі салмақ тастайды. Юпп болса әрбір артық 100 грамм үшін 100 марк (20 500 теңге) айыппұл салып отырған. Өз ойыншыларынан киім бөлмесін (раздевалка) таза ұстауды талап еткен. Мюнхенгладбахтық клубтан кетер кезде, клуб берген мәшинені жуып, бакты толықтай бензинмен толтырған деседі. Бапкердің «Шалькеде», «Байерде», «Баварияда» жасаған әрбір ісі аңызға айналып үлгерді.

Тактикалық шешім

Хайнкес «Бавария» тарихында клубты төртінші рет (1987-1991,2009,2011-2013, 2017-) жаттықтырмақ. Өзінің 35 жылдық бапкерлік мансабында Юпп көп жетістікке жеткен жоқ. Тек «Реал Мадрид», «Бавария», «Шалькемен» чемпиондық шыңды бағындыра алды.

Картинки по запросу юпп хайнкес

«Бавариядан»  «Хайнкес мәшинесін» жасап шығуға бапкерге 2 жыл уақыт кетті. 2012/13 жылғы маусымда Юпп «Баварияны» жаңа деңгейге көтерді. 4-2-3-1 тактикасымен талайды мойындатқан мюнхендік клубтың дәуірін бастап берді. Аталған құрылымда басты рөлді Бастиан Швайнштайгер мен Хави Мартинес сомдады. Қарсыласқа қорғаныстан айып алаңына жету қиынға соқты. Мартинес пен Швайнштайгер қарсылас шабуылын бастамай жатып тоқтатып үлгерді.

2012/13 жылғы маусымда «Бавария» ел чемпионатында өз қақпасына 18 гол жіберді. Бұл Хави мен Бастианның ғана емес, прессингті сәтті қолдана білген команданың жеңісі еді. Юпп футболшыларға позициясына қарамай, қақпа күзетуге тапсырма беретін. Бапкер командасынан қозғалысты талап етті. Қақпадан алыс қашықтықтағы шабуыл, ашық зоналарды жабу, бас айналдырарлық прессинг «Баварияның» бойтұмарына айналды.

Шабуыл өтінде команда түрлі тактикамен ойнады. Бірде таңдаулы стильмен ойнаса, ендігісінде қысқа пастармен жылдамдыққа күш салды. Өзге командаларға «Баварияның» қандай тәсіл қолданатынын анықтау қиынға айналды. Бундеслигада (2012/13) клуб 98 гол соқты. Командада нақты бір бомбардир болған жоқ. Манджукич 15, Мюллер 13, Гомес 11, Рибери 10, Шванштайгер 7 гол соқты.

Дер-Класикер

Юпп Хайнкес 2 рет Чемпиондар Лигасын жеңген 18 бапкердің қатарына кіреді. Футболдың басты титулын екі бөлек командамен жеңген төртінші бапкер («Реал Мадрид», «Бавария»).

«Бавария» аталған маусымда F тобынан 1-ші орынмен шықты. 1/8 финалда «Арсеналды» қонақта соққан голдар есебімен жеңіп (3:3) келесі кезеңге өтті. Ширек финалда «Ювентусқа» мүмкіндік қалдырған жоқ (4:0). Жартылай финал бәсекесінде «Барселонамен» кездесіп, әлемдегі ең мықты клуб екенін дәлелдеді. Жалпы есепте 7:0-мен Тито Вилваноның командасын турнирден ығыстырды. «Баварияны» финалда «Боруссия Д» күтіп тұрды.

2013 жылдың 25-мамырында «Уэмбли» стадионында Дер-Класикер өтті. Юрген Клопп пен Юпп Хайнкес өзара сынға түсті. 86 298 жанкүйер жиналған алаңда «Бавария» Чемпиондар Лигасын 2-ші мәрте жеңіп алды (чемпиондар кубогын 3-рет).

Бундеслиганы, Германия кубогын, Чемпиондар Лигасын ұтқан «Хайнкес мәшинесі» алтын хет-трик жасады. Неміс футболының тарихында мұндай нәтижеге бірде-бір бапкер жеткен жоқ.

Юпп Хайнкесті УЕФА  «Жыл бапкері»  атағына ұсынды. 2012/13 маусым нәтижесі бойынша Хайнкес Сэр Алекс Фергюсон, Юрген Клопптан басым түсіп, «Жыл бапкері» атанды.

Араға төрт жыл салып Хайнкес «Баварияға» қайта оралды. Ақпарат 6 қазан күні клубтың ресми сайтында жарияланды. Бапкер жұмысына 9 қазан күні кіріседі. 72 жастағы маманмен клуб 1 жылдық келісім-шартқа қол қойды. Хайнкеспен келісім 2018 жылы 30 шілдеде аяқталады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз