Күрес түрлерінен 2016-жылы қандай жетістіктерге жеттік?

158

Күрес түрлерінен отандастарымыздың 2016-жылы жеткен жетістіктері мынадай:

                  Рио де Жанейро – 2016 Олимпиадасы

2016-жылдың жаз айында Бразилияда өткен Олимпиада ойындарында балуан қыздарымыз 3 медаль иеленді. Рио де Жанейро төрінде балуан қыздарымыз 3 медальді ел қоржынына салды. 63 келіде сынға түскен Екатерина Ларионова қола жүлде үшін өткен кездесуде америкалық Елена Пирожковадан басым түссе, 69 келіде Эльмира Сыздықова египеттік Энас Мостафаны жеңіп,  қазақ қыздары арсынан тұңғыш болып Олимпиданың қола медалін иеленді. 72 келіде ел намысын қорғаған Гюзель Манюрова финалға дейін сүрінбей жетті. Ақтық сында канадалық Эрика Уибеден ұтылып күміспен күптелді.

Олимпиада ойындарында жүлде алған тұңғыш қазақ қызы – Эльмира Сыздықова

 

“Еуразия барысы”

2016-жылғы “Еуразия Барысы” халықаралық  турнирі “Алматы Арена” стадионында Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылып, Қазақстан құрамасы “Еуразия барысы” атанды.

Турнирге 8 елден барлығы 130 спортшы қатысты. Қазақстандық балуандар алғашқы белдесуде Польша балуандарын 7:0 есебімен ойсырата жеңіп, жартылай финалда Грузия құрамасынан 6:2 есебімен басым түсті. Ал финалдық белдесуде жерлестеріміз Моңғолия құрамасымен кездесіп, 6:2 есебімен жеңіске жетті.

  Әлем чемпионаты

Күрес түрлерінен Венгрия астанасы Будапештте олимпиадалық емес салмақтарда Әлем чемпионаты өтті. Бұл жарыста отандастарымыз бір күміс, бір қола медаль иеленді. Әйелдер күресінен 55 келіде сынға түскен Айым Әбілдина қола жүлдеге қол созды. Қола жүлде үшін өткен белдесуде Айым бозкілем иесі Рамона Галамбосты таза жеңді.

Әлем чемпионатының қола жүлдегері – Айым Әбілдина

Нұрлан Бекжанов 70 келіде сынға түсіп, ел қоржынына күміс медаль салды. Финалға дейін қарсыластарын айқын басымдықпен ұтқан жерлесіміз ақтық сында ресейлік Могомед Құрбаналиевке ғана есе жіберіп, әлемнің вице-чемпионы атанды.

 “Golden Grand Prix Baku-2016” турнирі

Әзірбайжан астанасы Бакуде күрес түрлерінен Гран при турнирі өтті. Жарыс қорытындысы бойынша отандастарымыз 4 қола медаль жеңіп алды.

Еркін күрестен Жігер Закиров(74 кг) қола жүлде үшін өткен белдесуде тәжік балуанын таза ұтты. Әйелдер күресінен 69 келі салмақта Эльмира Сыздықова және 75 келіде Ирина Казюлина “Golden Grand Prix Baku-2016” жарысының қола жүлдесін иеленді. Грек рим күресінен Дәулет Жақсылықов(80 кг) қола жүлде үшін өткен белдесуде қырғыз балуанынан басымдық танытты.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз